Алматыда Құдыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бірінші дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің, Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың, Тәуелсіз Тарлан сыйлығының иегері, зерттеуші-ғалым, ақын Шөмішбай Сариевтің ұйғыр тіліне аударылған «Дунияни ашиқ көздә қаратсам…» атты жыр жинағының таныстырылымы өтті. Кітаптың таныстырылымына Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Нұрғиса Дәуешов арнайы келіп, қатысты. – Өнері өміріне айналған Шөмішбай Сариев поэзиясы ұйғыр тіліне аударылып, тұтас кітап болып жарыққа шықты. Бұл – ортақ Отанымыздың шаңырағы астында ынтымақ-бірлікпен тіршілік етіп жатқан халықтың рухани байланыс деңгейін көрсететін бастама. Бауырлас ұйғыр халқымен рухани-мәдени байланысымыз ежелден етене жақын. Сол ұлық дәстүрді алдыңғы буын жолымен жалғап, қарым-қатынастың жоғары деңгейін сақтап келеміз. Біз мәдениетіміз бен руханиятымызды жікке бөлмей, «қазақстандық мәдениет» деп жалпыға ортақ ұғыммен пайдаланамыз. Осы қастерлі ұғым аясында түрлі халықтың мәдениеті тонның ішкі бауындай қабысып, үздіксіз байланыс процесінде болуы шарт. Бастаманы қолға алған, жүзеге асырған азаматтарға  Мәдениет және спорт министрлігі атынан алғыс білдіремін. Шөмішбай Сариев – біз үшін орны ерекше тұлға. Бала күннен құлағымызға сіңген әндердің мәтінін жазған қасиетті қалам иесі. Әлемдік өнер философиясында шығармашылықтың таза екені тек уақытпен дәлелденетіні туралы түсінік бар. Біз Шөмішбай ағаның туындыларына жазылған әндері әлгі түсінікті растай түсетіндей. Рас, кез келген сәтті шыққан әннің тағдыры мәтінге тікелей байланысты. Бір ғана мысал, қазақ өнерінің брендіне айналып үлгерген Димаштың әлемдік деңгейге насихаттап жүрген «Қарағым-ай» әні. Бұл шедевр – Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариевтің тандемі. Мазмұнды кітапты ұйғыр тіліне аударған бауырларымыз да олжалы, көңіл-ниетіміз ортақ нүктеге тоғысқан біз де олжалы. Ортақ мұратқа қызмет – елдіктің белгісі, абыройдың ісі, – деді Вице-министр Н.Дәуешов өз сөзінде:. Кітапты ұйғыр тіліне аударған – ақын Иминжан Тохтияров. Таныстырылым рәсіміне Ш.Сариевтың жары Жұмагүл Сариева мен Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының басшысы, композитор Дилмурат Бахаровқа бұйырды. Іс-шара барысында Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның Еңбек ері Роза Рымбаева, М.Әуезов  атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкерлері, филология ғылымының докторлары Гүлжаһан Орда, Алимжан Тиливалди, театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Фархад Даутов, Иминжан Тохтияров және тағы басқалар сөз сөйлеп, естеліктерімен бөліссе, Медеу Арынбаев, Сүлеймен Ибрагимов ақын мәтініне жазылған әннен тарту тартып, қатысушыларға тамаша көңіл күй сыйлады. Бағдагүл Балаубаева https://anatili.kazgazeta.kz/news/61732